БҚО-ның Жәнібек ауданында белгісіз ұшқышсыз ұшу аппаратының бөлшектері табылды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Жәнібек ауданы әкімдігінің мәліметінше, оқиға кеше Ұзынкөл ауылдық округі аумағында болған. Ауыл тұрғыны елді мекеннен шамамен 8 шақырым қашықтықта белгісіз ұшқышсыз ұшатын құрылғы бөлшектерінің табылғаны жөнінде хабарлаған.
Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті уәкілетті қызметтермен бірлесе отырып, Жәнібек ауданында ұшқышсыз ұшатын аппараттың бөлшектеріне ұқсас заттардың табылуына қатысты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, – делінген ПД хабарламасында.
Облыстық полицейлер нысанның елді мекендерден шалғай жерде орналасқанын анықтады. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Бөкейордасы ауданы Ұялы ауылының маңынан белгісіз ұшатын аппарат табылған болатын.