Жамбыл облысы Меркі ауданындағы «Нұрай» бөбекжай бақшасында 10 бала уланып қалды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ақпаратқа сәйкес, кеше Меркі аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне Меркі ауылы Ойтал учаскесі «Нұрай» бөбекжай бақшасының 10 тәрбиеленушісі келіп түскен.
Оның ішінде 9 жағдай жіті ішек инфекциясы, 1 жағдай энтеровирусты инфекция диагнозымен тіркелген. 1 жасөспірім жансақтау бөліміне ауыстырылған, жағдайы бірқалыпты, оң динамика байқалып отыр, – делінген хабарламада.
Облыс әкімдігінің ақпаратына сәйкес, өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасы бойынша жұмыс тобы құрылып, әр баланың жағдайымен танысып, болған жағдай зерделеніп жатыр. Сонымен бірге аурудың неден шыққаны анықталып жатыр.
Бұған қоса Меркі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен тексеру жұмыстары басталып, барлық сынамалар алынған, қорытындысы күтіліп отыр.
Аталған бөбекжай жұмысы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін екі тәулікке тоқтатылып, ата аналарға ескертілді. Құзырлы органның тексеру қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылданатын болады, – делінген хабарламада