Бектенов министр мен әкімдерге батыл шаралар қабылдауды тапсырды

Редактор
29 янв. 2025 г., 20:06
Бектенов министр мен әкімдерге батыл шаралар қабылдауды тапсырды

Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекет басшысының биылғы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Жиында премьер-министр алдағы кезеңдегі жұмыстың басты бағыты азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған экономиканың өсуін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Біз инвестициялар тарту, салық-бюджет саясатын және жер қойнауын пайдалану саласын реформалау, еліміздің бәсекелестік артықшылықтарын күшейту, іскерлік ахуалды жақсарту, инженерлік инфрақұрылымдық және энергетикалық даму, цифрландырудың тұтас жүйесін құру және халықты әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін қайта қарау бағытында белсенді жұмыс атқаруға тиіспіз. Ол үшін Үкіметте өкілеттіктер жеткілікті. Министрлер мен әкімдер жауапты шешімдер қабылдап, алға қойылған міндеттерді іске асыруға толық жауапты болуға тиіс, – деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, ескі, бюрократиялық жұмыс әдістерін, формализмді қолдана отырып, жаңа жағдайларда оң нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес.

Мемлекеттік органдарға мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді сапалы орындауға көңіл бөлуді, басы артық қазағазбастылықсыз және көпке созбай батыл шаралар қабылдауды тапсырамын. Біздің бәрімізден нақты нәтиже күтіп отыр, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр бюджеттік тәртіпті қатаң нығайтуға және мемлекеттік бюджетті басым бағыттар бойынша теңгерімді бөлуге баса назар аудара отырып, жұмыстың бірінші кезектегі бірқатар бағытына назар аударды.