Батыс Қазақстанда департамент басшысы жауапқа тартылды

Редактор
26 февр. 2025 г., 15:19
Батыс Қазақстанда департамент басшысы жауапқа тартылды

Батыс Қазақстан облысында департамент басшысы кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz. 
 
Прокуратураның мәліметінше, қадағалау қызметі барысында 2025 жылдың 22 қаңтарында облыстық Техникалық реттеу және метрология департаменті техникалық ережелерді бұзғаны үшін «Орал сүт зауыты» ЖШС-ның декларациясын 1 ай мерзімге тоқтата тұру туралы бұйрық шығарды.

Облыстық прокуратура жүргізген талдау нәтижелері бойынша жоғарыда аталған бұйрықтың қолданыстағы заңнаманы бұза отырып шығарылғаны және кәсіпкердің қызметін шектейтіні анықталды. Атап айтқанда, Департамент гендік түрлендірілген организмдер арқылы алынған компоненттердің тағамдық өнімдерінде болуы туралы ақпаратты көрсету қажеттілігін көрсетті. Алайда азық-түлік өнімдерінің ерекше белгілерін таңбалау тек ерікті түрде көрсетіледі,  – делінген хабарламада.

12 ақпанда облыстық прокуратураның наразылығы бойынша Департаменттің жоғарыда аталған бұйрығының күші жойылды.

Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін Департамент басшысы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 173-бабына сәйкес («Лауазымды адамдардың кәсiпкерлiк қызметке заңсыз араласуы») 196 600 теңге айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада.

Осылайша кәсіпкердің құқығы қалпына келтірілді.