Бөкейордасы ауданы Ұялы ауылының маңынан белгісіз ұшатын аппарат табылды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ұшатын аппаратты жергілікті тұрғындар тауып алған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, дронның ұзындығы 120 см. Пилотсыз ұшу аппаратына ұқсайды. Жедел түрде оқиға орнына Ұялы ауылдық округінің полиция қызметкерлері жетті. Кейін олармен бірге аудан орталығы Сайхын ауылынан әкімдік, полиция және төтенше жағдайлар қызметінің мамандары да келді.
“Фотосурет осы ақпараттық бюллетеньге қоса берілген. Іздеу жүйесі бұл құрылғының француздық Sagem компаниясы жасаған Crecerelle барлау ұшқышсыз ұшу аппаратына өте ұқсас екенін анықтады”, – деді делінген хабарламада.
Бөкейордасы ауданының әкімдігі болған жағдайды растады.
“Батыс Қазақстан облысы Бөкейордасы ауданы Ұялы ауылы маңында ұшқышсыз ұшатын аппаратқа ұқсас ныса табылып, полиция департаменті уәкілетті қызметтермен бірлесіп тексеру шараларын жүргізіп жатыр”, – деді әкімдіктегілер.
Бөкейордасы ауданының аумағында Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі жалға алған "Капустин Яр" әскери полигоны бар.