Павлодарда балаларын терезеден лақтырып жіберген әйел қылмыстық жауапқа тартылмайтын болды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында балаларын терезеден лақтырып жіберген әйелге қатысты жас баланы өлтіру және жас баланы өлтіруге оқталу фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды.
Сотталушы есі дұрыс болмаған күйде балаларын (2024 және 2017 ж.т.) бесінші қабаттың терезесінен лақтырып жіберген. Соның нәтижесінде біреуі қайтыс болды, екіншісі ауыр дене жарақатын алды.
Павлодар облысының соты 34 жастағы әйелді есі дұрыс емес деп танып, оны қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Сот шешімімен ол арнайы психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеуге жіберілді.
Іс бойынша жүргізілген сараптамалардың қорытындысы бойынша әйел созылмалы психикалық ауруына байланысты өз іс-әрекетінің нақты сипаты мен қоғамдық қауіптілігін түсінуге және оны бақылауға қабілетсіз тұлға деп танылды. Сот оның есі дұрыс еместігін, сондықтан ҚК-нің 16-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауаптылыққа жатпайтынын сенімді түрде анықтады. Осыған байланысты әйелге интенсивтi байқайтын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолданды, - деп хабарлады Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.