Ақтауда картоп тапшылығына байланысты шектеу қойылды. Бір адамға 3 келіден артық картоп сатуға тыйым салынды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлауынша, бұл шешім өнімнің барлық тұрғындарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.
Әлеуметтік маңызы бар көкөніс өнімдері Атырау қаласының 11 супермаркетінде, 3 базарында және 6 сауда павильонында сатылады. Қазіргі уақытта тұрақтылық қоры қоймаларында 200 тонна картоп сақталуда, бұл қаңтар айының соңына дейін жетуі керек екен. Сауда орындарында 1 келі картоптың бағасы - 180 теңге.
«Көктемде 680 тонна ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілуі керек. Осы үшін жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен қосымша келісім-шарт жасалған. Тұрақтылық қорынан сатылатын картоп нарық бағасынан айтарлықтай төмен бағамен сатылады. Алайда қайта сату және асыра бағалау бойынша алып-сатарлықты болдырмау үшін бір адамға 3 келіден артық картоп сатылмайды. Бұл шара өнімнің барлық тұрғындар үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған», - деп түсіндірді баспасөз қызметі.