Ақтөбеде өткен жылдың мамырында болған жасөспірімдер арасындағы жаппай төбелеске қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ақпаратқа сәйкес, қала шетіндегі мал базары ауданында жасөспірімдердің екі тобының арасында суық және атыс қаруын қолданумен төбелес болған. Салдарынан 8 жасөспірім атыс және пышақ жарақатын алып, 1 кәмелетке толмаған бала қаза тапты.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, марқұмды автокөлікпен қағып, оған көптеген пышақ жарақатын салған. Бүгінде облыстық полиция департаменті ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Облыс прокуратурасымен қылмыстық іс бақылауға алынып, процестік прокурорлар тобы тағайындалды. Полиция қызметкерлері жедел түрде қылмысқа қатысы бар 10 адамды ұстап, олар уақытша ұстау абақтысына қамалды, – делінген хабарламада.
Сотпен күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.
2025 жылы 26 ақпанда облыс прокуратурасы айыптау актісін жасақтап, іс мәні бойынша қарау үшін Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды, – делінген хабарламада.