Алматыдағы Баум тоғайын қайта жаңғырту барысында мыңға жуық ағаш егіледі

Редактор
9 дек. 2025 г., 17:21
Алматыдағы Баум тоғайын қайта жаңғырту барысында мыңға жуық ағаш егіледі

Баум тоғайы – Алматының Түрксіб ауданында орналасқан табиғатының көркем көрінісімен, жасыл желегімен танымал демалыс орны. Ол жалпы аумағы 130 гектарды алып жатыр. Ресми мәліметке сәйкес, тоғайдың 130 жылдан аса тарихы бар, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Саябақ аймағы селекциялық жұмыстармен айналысып, аймақты көгалдандыруға үлес қосқан Жетісу облысының орман тексерушісі Эдуард Оттонович Баумның есімімен аталады. Ресми мәліметке сәйкес, тоғайда 49 ағаш түрі өседі. Сонымен қатар, тоғайдағы жоғары шөпті өсімдіктердің түрлерінің саны шамамен 118-ді құрайды. Тоғайда жануарлар да баршылық. Онда сүтқоректілердің 9 түрі және құстардың 36 түрі кездеседі. 

Биыл қыркүйекте мегаполистің ең көрнекті табиғи орнының аумағын қайта жаңарту жұмыстары басталды. Жоба Баум тоғайын тек табиғи ескерткіш ретінде емес, сондай ақ рухани, эмоционалдық және физикалық сергітуге арналған жаңа кеңістік ретінде дамытуға бағытталған.

Тоғайда автосуару жүйесін орнатып, велосипед пен жаяу жүргіншілерге арналған жол салу және аумақты абаттандыру жоспарланған. Яғни күні-түні серуендеуге жағдай жасалмақ. Жобаға кәсіпкерлер 4 миллиард 700 миллион теңге қаражат бөлген. 

Барлық аймақ жаңа жарықтандыру жүйесімен қамтылады: белсенді демалыс орындарында 4,5 метрлік шамдар, ал экологиялық аймақтарда экожүйеге зиян келтірмейтін жұмсақ жарық шамдар орнатылмақ.

Кіру нүктелерінде қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлер қойылып, экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған нұсқаулықтар ілінеді. Сондай-ақ заманауи орындықтар, экоурналар және бағыттаушы ақпараттық тақталар орнатылады.

Бұған дейін экологиялық белсенділер қайта жаңғырту жұмыстары Баум тоғайының флорасы мен фаунасына орасан зор зиянын тигізеді деп дабыл қаққан болатын. Алайда шенеуніктер тоғайда ағаш кесілмейтінін мәлімдеп отыр. Тек санитарлық қырқу жүргізіледі. Керісінше қайта жаңғырту жұмыстары барысында жаңадан мыңға тарта жасыл желек егу жоспарланып отыр екен. 

Ешбір ағаш кесілмейді. Және осы күнге дейін кесілген жоқ. Бұдан бөлек, біздің абаттандыру жобамыз аясында шамамен мыңға жуық ағаш отырғызылады. Баум тоғайының бүкіл аумағында үш полиция бекеті орнатылады, негізгі жолдарға бейнебақылау қойылады. Сондай-ақ кешкі және түнгі уақытта жарықтандыру жүргізіледі. Яғни қауіпсіздік пен вандализмге қатысты барлық мәселелер шешілетін болады, - деді Алматы қаласы қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының басшысы Батырхан Сүлейменов

Тоғай үш аймаққа бөлінетін болады. Біріншісі сыртқы аймақ. Ол белсенді демалысқа арналған. Онда воркаут және жүгіру жолағы, үстел теннисі мен ит серуендетуге арналған алаңдар, сондай-ақ экстремалды веложол пайда болады.

Орта аймақ – тыныш әрі танымдық демалыс орны. Бұл жерде табиғатты бақылауға, құстар мен жануарларды зерттеуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ ақпараттық тақталар, экобұрыштар мен белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қатысушыларына арналған демалыс үстелдері орнатылады.

Орталық бөлік - табиғи ядро ретінде сақталады. Мұнда адамның араласуы барынша шектеліп, табиғи өсімдіктер мен бедер сақталады.

Айта кетерлігі, жоба аясында визит-орталық салу жоспарланып отыр. Онда келушілер тоғайдың тарихымен, флорасы мен фаунасымен, сондай-ақ Алматының табиғатты қорғау бастамаларымен таныса алады.

Баум тоғайын қайта жаңғырту жұмыстары Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен "Жасыл Алматы" бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Тоғайда басталған жұмыс 2026 жылдың жазында аяқталады деп күтілуде. Қазір аумақты инспекторлар патрульдейтінін айта кетейік.