Сейсмологтар Алматыда қатты жер сілкінісі күтілмейтінін мәлімдеді. Мамандар бүгінгі зілзаладан кейін сейсмикалық жағдайға талдау жүргізген, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Сейсмикалық жағдайды талдай келе 2025 жылғы 4 желтоқсанда сағат 15:00-дегі жағдай бойынша Алматы болжау полигонында сейсмикалық жағдай тұрақты екенін атап өтеміз. Алматы болжау полигоны ауумағында МСК-64 (К) сейсмикалық шкаласы бойынша қатты жер сілкіністері күтілмейді", - деді Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары Ерік Әліпұлы.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін түскі уақытта Алматыда жер сілкінісі тіркелді. Оның ошағы Қытай аумағында, Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 277 км жерде орналасқан.
Жер сілкінісі сезілуінің (MSK-64 шкаласы бойынша) есептік қарқындылығы Алматыда 3 балл.
Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, зардап шеккендер мен қираған нысандар туралы ақпарат түспеген. Артынша жер сілкінісіне байланысты халыққа жедел психологиялық көмек көрсету мақсатында сенім телефондары іске қосылған болатын.
Сондай-ақ, қала әкімдігі үндеу жасап, мегаполис аумағы мен өзен арналары дереу тексерілгенін хабарлады.