Алматы қаласының прокуратурасы мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы сақтауына талдау жүргізді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Анықталғандай, сатып алуды ұйымдастырушылар мәліметтерді жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу үшін уәкілетті органға уақтылы жолдамаған немесе толық түрде жолдамаған болып шықты.
Мемлекеттік мекемелер басшылары тарапынан тиісті бақылаудың болмауы, сондай-ақ кәсіпкерлердің жауаптылықтан айналып өту белгілерінің болуы,тапсырыс берушілер тарапынан сыбайлас жемқорлық қауіптерін тудырды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Аталған бұзушылықтарды жою мақсатында мемлекеттік органдарға прокурорлық қадағалау актісі енгізілді.
Оны қарау нәтижесінде 99 лауазымды тұлға, оның ішінде 74 басшы тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Сонымен қатар Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыну жолданды. Оны қарау қорытындысына сәйкес сот, мемлекеттік сатып алулармен байланысты сот актілерін орындауда анықталған кемшіліктерді түзету бойынша шаралар қабылдады, – делінген хабарламада.