Алматы облысында суару жүйелері жаңғыртылуда

Редактор
29 дек. 2025 г., 16:52
Алматы облысында суару жүйелері  жаңғыртылуда

Алматы облысында суармалы жерлердің көлемі артып келеді. Ол үшін өңірде суару жүйелерін жаңғыру жұмыстары басталды. Ирригациялық жүйелерді қайта қалпына келтіру нәтижесінде егіс алқаптары мен бау-бақшалар тіршілік нәрімен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ  су шығы азайып, суару тиімділігі артады деп күтілуде, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Суару желілерін жаңғырту жұмысы Жамбыл ауданында қолға алынды. Бұл бастама 2 жыл бұрын көтеріліпті. Қазір аудандағы арық жүйелері мен су қоймаларындағы бөгеттерді жөндеу жұмыстарымен «TOLAGAI GLOBAL» компаниясы айналысып жатыр.

Жобаның жалпы құны 26 миллиард теңгені құрайды. Алайда, қазір қаржыландыру мардымсыз болып тұр. Мәселен, биылға 485 миллион теңге ғана бөлінген. Қазір компания қызметкерлері сол қаражаттың жеткенінше жұмыс істеп жатыр.

Жоба жалпы 75 учаскеден тұрады. Оның 14-і су қоймасы. Қалғаны арық жүйелері. Қазір 14 су қоймасының алтауында жұмыс істеп жатырмыз. Су шайып кеткен бөгеттер қайта қалпына келтірілуде. Мұндағы арық жүйелері әбден ескірген, - деді «TOLAGAI GLOBAL» компаниясы атқарушы директорының орынбасары Тілектес Үркімбаев.

Жобаның мақсаты – суды барынша үнемдеу. Суару жүйесі жөнге келтірілсе, оның игілігін қарапайым халық көреді. Яғни, таудан ағатын суды бау-бақшасын суару үшін пайдалануға мүмкіндік алады.

Ауқымды құрылысқа тапсырыс беруші Алматы облысының су ресурстары және ирригация басқармасы. Жоба 2 жылда, яғни 2026 жылдың желтоқсан айында бітуі керек болған. Бірақ, қаржының кешеуілдеуіне байланысты оның уақыты созылатын түрі бар.

Арық жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары Іле ауданында да қолға алынған. Мұнда 10 арық жүйесі жөнделеді деп жоспарланып отыр.

Қазір «TOLAGAI GLOBAL» компаниясының өкілдері Құралас каналында жұмыс істеп жатыр. Оған 15 адам мен 5 техника жұмылдырылған.

Іле ауданында суармалы арық жүйелерін қайта қалпына келтіру үшін қазынадан 14 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Ол аяқталса, мұндағы тұрғындар «Алматы» өзенінен келетін суды бау-бақшасын суаруға пайдаланатын болады.