Жамбыл облысында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейі заңсыз жер пайдалану фактісін анықтап, бес кәсіпкердің үстінен сотқа шағымданды. Даулы мәселе Айш бибі кесенесі аумағындағы техникалық бөлмелердің заңсыз коммерциялық қызметке айналуына қатысты болды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ақпаратқа сәйкес, 2 гектар жер ресми түрде ерекше қорғалатын аумаққа жатады және рекреациялық, тарихи-мәдени мақсатта ғана пайдаланылуға тиіс болған. Алайда, бірнеше кәсіпкер бұл ғимараттарды заңсыз иемденіп, онда коммерциялық қызмет жүргізіп келген.
Қорық-музей сотқа жүгініп, кәсіпкерлерді ғимараттарды босатуға міндеттеуді талап етті.
Жамбыл аудандық соты кәсіпкерлердің бұл ғимараттарды заңсыз иемденгенін анықтап, оларды үй-жайды босатуға міндеттеді.
Кәсіпкерлер апелляцияға жүгінгенімен, Жамбыл облыстық соты бірінші сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Қаулы заңды күшіне енді.