9,3 млн қорап: Қырғызстаннан темекі тасып байығандар 8 жылға қамалды

Редактор
12.05.2025, 14:25
9,3 млн қорап: Қырғызстаннан темекі тасып байығандар 8 жылға қамалды
Төленбеген акциз көлемі 2,6 миллиард теңгеге жеткен

Семейде трансұлттық темекі қылмысына қатысы бар 3 адам сотталды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Семейде темекі өнімдерін заңсыз айналымға түсірген трансұлттық ұйымдасқан топтың үш мүшесіне қатысты айыптау үкімі шықты. Тергеуді Қаржы мониторингі агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті жүргізген.

Тергеу нәтижесінде 8 адамнан тұратын, оның ішінде 3 шетел азаматы бар қылмыстық топтың Қырғызстаннан жалған құжаттар арқылы 9,3 миллион қорап темекіні заңсыз әкелгені анықталды. Темекі өнімдері Алматы, Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстарында сатылған, бір бөлігі Ресейге жөнелтілмек болған.

Заңсыз өнімдер тәркіленіп, төленбеген акциз сомасы 2,6 миллиард теңгеге жетті.

Тергеу аясында 9 автокөлік пен жеке тұрғын үй бұғатталды. Сонымен қатар, 157 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша мен құны 840 мың теңге болатын «777» VIP автонөмір тәркіленді.

Сот үкімімен Д.Бекешев, Д.Сатыбалдиев және Д.Султанов ҚР ҚК 264-бабының 2-бөлігі және 214-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. 166 млн теңгеге бағаланған мүлік мемлекет меншігіне өтті, – делінген ҚМА хабарламасында.

Қалған бес күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған. Олардың бірі Ресей аумағында ұсталып, экстрадициялау мәселесі қаралып жатыр.