70 млрд теңге инвестиция: Алматы облысында Оңтүстің Кореядағы ірі компанияның жаңа зауыты ашылды

Редактор
23 апр. 2025 г., 00:57
70 млрд теңге инвестиция: Алматы облысында Оңтүстің Кореядағы ірі компанияның жаңа зауыты ашылды

Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Көкөзек ауылында Оңтүстік Кореядағы «KT&G Kazakhstan» компаниясының зауыты ашылды деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Жаңа өндіріс орнынан еліміздің бюджетіне жыл сайын шамамен 25 миллиард теңге салық түседі деп күтілуде.

Жаңа кәсіпорын өңірдегі ең ірі өндірістік нысандардың бірі болмақ. Бұл ірі корпорациясының Қазақстандағы алғашқы жобасы.

Жалпы инвестиция соммасы — 70 миллиард теңге. Қомақты қаражат компанияның жеке капиталы есебінен құйылған. Зауыт болашақта Еуразия мен ТМД нарығына сапалы өнім жеткізеді деп жоспарлануда.

Қазіргі таңда зауытта 130 қызметкер жұмыс істейді. Алдағы уақытта кәсіпорын кеңейген сайын жұмыс орындарының саны артпақ.

Бұл зауыт — біз үшін маңызды қадам. Қазақстан — зор әлеуетке ие болашағы бар нарық. Біз бұл серіктестіктің табысты болатынына сенімдіміз, — деді «KT&G Kazakhstan» ЖШС бас директоры Пак Хён Ук.

Зауыттағы өндіріс процесі толықтай автоматтандырылған және халықаралық сапа стандарттарына толық сәйкес келеді. Шикізатты сатып алудан бастап, дайын өнімді орауға дейінгі барлық кезеңде қатаң бақылау жүйесі жұмыс істейді.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бұл жобаның өңір үшін маңыздылығын ерекше атап өтті:

KT&G зауытының ашылуы — бұл тек жаңа өндірісті іске қосу емес. Бұл — Қазақстан мен Корея арасындағы 33 жылдық серіктестіктің нәтижесі және Алматы облысының инвестициялық тартымдылығының жарқын дәлелі. Біз халықаралық серіктестік үшін барлық жағдайды жасап, біздің өңірді таңдайтын компанияларды әрдайым қолдаймыз, — деді облыс әкімі.

Жаңа зауыттың ашылу рәсіміне 100-ден астам құрметті қонақ қатысты. Олардың арасында Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-ик пен KT&G корпорациясының бас директоры Банг Кёнг Ман болды. Қонақтар үшін қазақ-корей мәдени бағдарламасы ұйымдастырылып, өндіріс цехтарына экскурсия өткізілді.

Жаңа зауыттың іске қосылуымен KT&G Еуразия нарығындағы өз позициясын күшейтіп, Қазақстан экономикасына қомақты үлес қосуда. Яғни, жаңа жұмыс орындарын ашып, экспортты қолдап, жергілікті өндірісті дамытуға ат салысуда.