40 градус аязда қатпайды: СҚО-дағы ерекше көл мемлекетке қайтарылды

Редактор
20 мар. 2025 г., 20:38
40 градус аязда қатпайды: СҚО-дағы ерекше көл мемлекетке қайтарылды

Солтүстік Қазақстан облысында құны 26,7 миллиард теңге болатын бірегей Теке көлі мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Ақпаратқа сәйкес, 2020 жылы ас тұзын өңдеуге арналған келісімшарт шеңберінде жергілікті атқарушы органдар жер қойнауын пайдаланушыға жалпы ауданы 21,5 мың гектар Теке көлін бергені анықталды. 2022 жылы арадағы келісімшарттың тоқтатылуына қарамастан, әкімдік 2 жылдан астам уақыт бойы сотқа дейінгі тәртіппен шартты біржақты бұзу жөнінде шаралар қабылдамаған, бұл су қорының жерлерін мақсатсыз пайдалануға әкелді.

Бұдан басқа, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекстің талаптарына қарамастан, шаруа қожалығы құзыретті органның ресми сайтында жер қойнауын пайдаланушылардың тізілімінен алынбаған.

Мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының қабылданған шараларымен жер учаскесін жалдау шарты сотқа дейінгі тәртіппен біржақты бұзылды. Кадастрлық құны 26,7 млрд теңге болатын жалпы ауданы 21,5 мың гектар Теке көлі мемлекеттік меншікке қайтарылды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Құзыретті органның интернет-ресурстарындағы мәліметтер сәйкестендіріліп, кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетсек, Теке көлі Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл ауылының солтүстік-шығысына қарай 40 шақырым жерде орналасқан. Алып жатқан аумағы Петропавлдан үлкен, ұзындығы – 33, ені 20 шақырым шамасында. Ең терең жері – небәрі 1 метр. Ерекшелігі – бір литр суда 300 граммға дейін тұз бар. Яғни суы көпке танымал Өлі теңіз суының құрамымен бірдей. Сондықтан қандай аяз болмасын, бұл көл еш қатқан емес.