18 мың литр сүтті сегіз есе қымбатқа сатып алмақ болған балабақша басшылығы жазаланды

Редактор
17 февр. 2025 г., 22:26
18 мың литр сүтті сегіз есе қымбатқа сатып алмақ болған балабақша басшылығы жазаланды

Павлодар қаласының прокуратурасы қалалық балабақшалардың азық-түлік өнімдерін жоғары бағамен сатып алу фактілерінің жолын кесті, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
 
Ақпаратқа сәйкес, №23 бөбекжай мемлекеттік сатып алу порталында 18 мың литр сүтті 50 620 500 теңгеге, яғни литрін 2 812 теңгеден сатып алу туралы хабарландыру жариялаған. Ал сондай сүттің нарықтағы орташа бағасы (майлылығы – 2,5%) литрі 345 теңгеден болған.

№23 бөбекжай-бақшаның сүт литрін 2 812 теңгеге сатып алуы 44 410 500 теңге көлемінде бюджет қаржысын артық және негізсіз жұмсауға себеп болып отыр, – делінген прокуратура хабарламасында.

Бұдан бөлек,  №102 бөбекжай жалпы салмағы 14 520 келі картопты 19 455 783,6 теңгеге, басқаша айтқанда бір келісін 1340 теңгеге  сатып алмақ болған. Ал қала дүкендерінде картоптың келісі 120 теңгеге (әлеуметтік баға) және жеке меншік дүкендерде 380 теңгеге сатылады. Жоғарыда баяндалған өнімдерді сатып алуға тыйым салынып, азық-түлікті сатып алу бағасы төмендетілді, ал кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды, – делінген хабарламада.