Алматы облысы Қарасай аудандық Мәслихатының экс-депутаты аса ірі көлемде алаяқтық жасап, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облыстық департаменті жүргізіп жатыр.
Ақпаратқа сәйкес, мемлекеттен субсидия алу мақсатында күдікті Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасына «Награда» атты таңқурай көшеттерін сатып алу туралы жалған құжаттарды ұсынған. Құны – 947 млн теңге. Осыдан кейін ол 474 миллион теңге деп көрсетілген қаржының 50%-ы көлемінде заңсыз субсидия алған.
Бұл кірістерді жылыстату үшін күдікті 21 жеке кәсіпкермен көшеттерді орау, тиеу, түсіру жұмыстарын орындау үшін жалған келісімшарттарды қамтитын көп деңгейлі схеманы әзірлеген, бірақ іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмаған. Аталған жалған келісімдер мен төлем құжаттары негізінде 431 млн теңге ге қолма-қол қаражат алынды.
Сонымен қатар, ұрланған қаражаты заңды айналымға тарту мақсатында ол жұбайының атынан бағалы қағаздармен операциялар жүргізіп, қосымша 89 млн теңге қылмыстық табыс тапқан. Бұл ақшаға ол Алматыдан екі бөлмелі пәтер және «Toyota Highlander» автокөлігін сатып алған.
Аталған мүлікке, сондай-ақ 50 млн теңге ақша және 91 млн теңге құны бар бағалы қағаздарға тыйым салынды.
Сонымен қатар, мемлекеттен ұрланған 170 млн теңгені күдікті Қонаев қаласындағы казиноға құртқаны белгілі болды. Соттың санкциясымен күдікті 2 айға қамауға алынды, – делінген хабарламада.